Пәкістан үкіметі қырын қарап отырған ауған қазақтары Астанадан жәрдем сұрады

Ауғанстаннан босып барып, Пәкістанда тұрып жатқан қазақтар (видеодан скриншот)

Ауғанстаннан Пәкістанға босып барған ұлты қазақ үш жүзден астам адам Қазақстан билігінен көмек сұрап, үндеу жариялады. Олар Пәкістан үкіметі елде заңсыз жүргендерді депортациялауды ұйғарғаннан кейін абыржып отырғанын айтады. "Талибан" қозғалысы басқаратын Ауғанстанға қайтып барсақ, тағдырымыз не болады деп алаңдайды.

Пәкістанның Карачи қаласы. Тар көшелердегі есік-терезесі жоқ жұпыны үйлерде жүздеген ауған қазағы бала-шағасымен тұрып жатыр. Осы елге кезінде Ауғанстаннан босып барған ұлты қазақ бір топ адам жақында Қазақстан билігінен көмек сұрады. Олардың айтуынша, тамыздың басында Пәкістан үкіметі елде заңсыз жүрген ауған азаматтарын депортациялауды ұйғарыпты.

Пәкістанның Карачи қаласындағы қазақтар тұратын көше (видеодан скриншот)

Ұлты қазақ ауған азаматы Хамит Жорабай қазір Пәкістанда тұрып жатыр. Ол өзі сияқты қазақтар егер Пәкістан билігі оларды Талибан қозғалысы басқаратын Ауғанстанға қайтаратын болса, тағдырымыз тәлкекке түсе ме деп қорқып отырғанын айтты.

– Былтыр біз бұл жерде 40 қазақ отбасы бар едік. Пәкістан үкіметі 2-3 үйімізді Ауғанстанға депортация жасап жіберді. Қазір бізді Ауғанстанға қайрататын болса, Ауғанстанда біздің, балаларымыздың болашағы қалай болатынын ешкім білмейді. Біз сол үшін қазақ елінен, қазақ үкіметінен көмек сұрап жатырмыз. Ауғанстанның жағдайын көріп отырсыздар. Ауғанстанда қалай болады, қазақтар қалай өмір сүреді, оны тап басып айту қиын, – деді Хамит Жорабай Азаттыққа.

Your browser doesn’t support HTML5

Ауған қазақтары Астанадан көмек сұрады. Оларды Пәкістан елден шығармақ

"Газ-суға жарымай, біреуге жұмыс істеп өмір сүріп жатырмыз"

Хамиттің сөзінше, Карачиде Ауғанстаннан босып барған 330-дан астам қазақ тұрып жатыр, оның 170-ке жуығы кәмелетке толмаған балалар. Бұл – шамамен 40-қа жуық отбасы. Олардың арасында еңбекке жарамдысы – 120 адам, қалғаны қария. Ұлты қазақ азаматтардың басым бөлігі 1980 жылға дейін Ауғанстанда тұрып, кейін соғыс басталғанда шекара асып қашқандар. Пәкістан билігі "босқын" мәртебесін берген. Бірақ жыл өткен сайын бұл статуспен жүру қиындап бара жатыр дейді Хамит.

Хамит Жорабай

– Мұнда келгенімізге қазір 45 жыл болды, Пәкістан үкіметі бізге босқын картасын берген, онда "ауған азаматы" ("Afghan citizen") деп жазылған. "Біз ауған емеспіз, қазақпыз" деп айтып едік, "бізде қазақ деген жоқ, мейлі, парсы, я тәжік немесе өзбек бол, тегің қайдан болса да бәрібір сені "ауған азаматы" деп жаздырады" деген жауап естідік. Қолымыздағы босқын картасының мерзімі де өтіп кеткен. Енді 30 тамызда бізді депортацияламақшы, – деді Хамит Жорабай.

Ол қазір Пәкістанда ауған босқыны ретінде тұрып жатқан қазақтардың тұрмыс жағдайы ауыр екенін айтты.

– Бізге күніне 3-4 сағат қана электр қуатын береді. Басқа уақытта өшіріп қояды. Бізде газ, су жоқ деп жағдайымызды айтып барсақ, "сен – босқынсың" дейді. Мұндағы қазақтардың жұмысы бар, бірақ түгелдей өзіне емес, Пәкістан азаматына жұмыс істейді, – деді Пәкістанда тұрып жатқан ауған қазағы.

Еңбекке жарамды жүзден аса адам тегіс пәкістандықтарға жалданып тапқан табысына күн көреді. Азаматтығымыз болмаған соң бізді ресми жұмысқа алмайды, ауруханаға қаралуға немесе оқып, білім алам деп барсақ шетқақпай көреміз деп шағынды өздері.

Мұхаммед Хұсейн

– Мен мектепте 10-сыныпта оқушы едім. Куәлік болмағандықтан, азаматтық жоқтығынан ілгері оқи алмадым. Қазір мына балалардың ешқайсы мектеп я медресе бетін көрмеген. Ақшамға дейін көшеде ойнап күн өткізеді. Әкем ауырып қалып, ауруханаға апардық, бірақ аурухана әкеңнің куәлігі, азаматтығы жоқ деп алмады, – дейді Пәкістанда тұрып жатқан, ұлты қазақ екенін айтқан ауған азаматы Мұхаммед Хұсейн.

"Бізді атамекенге алып кетіңіздерші!"

Пәкістандағы қазақпыз дейтін ауған азаматтары ата-баба мекені Қазақстанға көшу – көптен бергі арманы екенін айтады. Жай ғана армандаумен шектелмей, нақты әрекетті 2008 жылы бастапты. Сол кезде Хамиттің әкесі Жорабай бастап бір топ қазақ Пәкістан астанасы Исламабадтағы Қазақстан елшілігіне бірнеше мәрте барып, хат жазып, арыз қалдырған.

– Қазақстан елшілігі бізден бір күндік жерде, машинамен 24 сағат жол жүріп барамыз. Қайтамыз. Бұрын әкем баратын. Қайтыс болғанға дейін екі-үш рет Қазақстан елшілігіне барды, хат жазды, "бізді осы жақтан алып кетіңіздер" деді. 5-6-8 жылдан бері ешқандай жауап келмеген еді. Жақында ағам екеуміз бардық. Елшімізге Алла разы болсын. Өте бір жақсы азамат екен Пәкістандағы елшіміз. Бізге хабарласып, "жағдайларың қалай?" деп біліп тұрады. Көмектесіп тұрады бізге. Бізге "сіздерді жібертемін" деп уәде берген еді, – деді Хамит Жорабай Азаттыққа.

Карачидегі базарда жүрген адамдар

Қазақстан заңы бойынша, шетелдегі ұлты қазақ азаматтар "қандас" мәртебесін алу үшін жеке басын куәландыратын әрі ұлтын растайтын құжат әкелуге міндетті. Бірақ Ауғанстанда туған қазақтарға бұл талапты орындау өте қиын. Өйткені жеке куәлікте ұлты жазылмайды.

– Біз ДНК тест жасаттық. Бірінші жасатқанда да тест қорытындысы "қазақ" деп шықты. Оны сыртқы істер министрлігіне жібердік. Елшіміз мұны қабылдамады. Онан соң елшіміз бізге хабарласып, сіздердегі 40 отбасыдан бір 10 адам барып, тағы ДНК тест жасаңыздар деді. Осы ДНК тест жасатуға бізді қазақ үкіметі өзі жіберді. Біз 10 адам барып, ДНК тест жасаттық. Онымыздың да тест қорытындымыз "қазақ" деп шықты. Онан соң елшіміз "енді құдай қаласа жақсы болады, сіздерді [елге] жібертеміз, "қазақ" деп шықты" деп бізді құттықтады. Бірақ сол "жібертеміз" дегелі қазір міне екі жыл болды. Біз олардан сұрап жатырмыз, елшілік болса: "Қазақстанға, Астанаға, сыртқы істер министрлігіне хат жібердік" дейді. Сол хатқа қазірге дейін жауап жоқ, екі жыл болды", – деді Хамит Жорабай.

Депутаттың үндеуі

12 тамыз күні Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров Пәкістанда депортация қаупі төнген ауған қазақтары жөнінде үндеу жасады. Карачи қаласында ұлты қазақ жүздеген адамның тағдыры қыл үстінде тұрғанын айтқан депутат бұл мәселені сыртқы істер министрлігі шеше алмаса, БҰҰ Босқындар жөніндегі комиссарына өтініш жазып, бұған халықаралық қауымдастықтың назарын аударуға шақырды.

Кейін Саиров осы мәселе бойынша сыртқы істер министрлігі өкілдерімен кездескенін, нақты екі бағыт бойынша жұмыс басталғанын хабарлады. Азаттық сыртқы істер министрлігіне бұл жөнінде сауал жолдаған еді. Осы мақала жарияланған уақытқа дейін министрліктен жауап болмады.

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров

– Қазір екі мәселе талқыланып жатыр. Бірінші, осы Карачидегі біздің 300 өзіміздің қаракөз қазағымызды қайтадан Ауғанстанға депортация жасамау жөнінде Пәкістан үкіметімен келіссөз жүргізу. Бұл процесс қазір басталды. Яғни Қазақстанның сыртқы істер министрлігі қазір Пәкістан тарабымен осы мәселе бойынша сөйлесіп жатыр, былайша айтсақ. Екінші мәселенің күрделі болып тұрғаны – ол азаматтардың қолында мүлдем құжат жоқ. Қазақстанның әлеуметтік министрлігінің өкілдері Қазақстан тарабы егер ол кісілердің қолында ешқандай құжат болмаса, онда кіргізе алмайтындығын қазір уәж жасап отыр, – деді мәжіліс депутаты Ерлан Саиров.

Депутат қазіргі кезде сыртқы істер министрлігі мен әлеуметтік қорғау министрлігі бірігіп, Пәкістандағы ауған қазақтары мәселесі бойынша консультация жүргізіп жатыр дейді. Ол мәселені шешудің екі түрлі жолы барын айтты.

– Бірі – комиссия құрып, Карачи қаласына барып, сол қазақтардың жай-күйін, олардың генетикалық тұрғыдағы бет-әлпетін сол жерде анықтау. Екіншісі – сол азаматтарға құжат жасап, Қазақстанға алып келу. Екі мәселе де қазір талқыланып жатыр, бюрократиялық іс-жұмыстарға біраз уақыт қажет болатыны белгілі ғой. Дегенмен де қазір мемлекеттік органдар осы мәселені біржақты шешуге кірісті деп айтуға болады, – деді Ерлан Саиров.

"Әр қазақтың түп-тамырын шежіре арқылы тарқатуға болады"

"Оңтүстіктен солтүстікке көш" бастамасының басы-қасында жүрген белсенді Бурахан Дағанов Пәкістанда тұратын ұлты қазақ ауған азаматтарының жай-күйін көптен біледі. Осыдан екі жыл бұрын оған Пәкістаннан Хамит Жорабай хабарласып, отыз шақты қазақ отбасы Қазақстанға қоныс аударғысы келетінін айтқан. Сол кезде бірден мәселені қозғап, әлеуметтік желіге жаздым, бірақ "қазақ" деп танитын құжаттың жоқтығы бұл іске тұсау болды дейді TAUEKEL қоғамдық ұйымының төрағасы Бурахан Дағанов.

– Бізде, қазақтарда басқа елден айырмашылық нәрселеріміз өте көп. Соның бірі – шежіре. Бұл проблеманы біржақты етудің бір жолы осы шежіре деген дүниені ресми түрде қабылдап, оны ресми құжат ретінде есепке алатын болсақ, онда біз әлемдегі біраз қандастарды елге алдырып, проблемасыз осы жақта "қандас" деген статус бере беретін дәрежеге жететін боламыз, – дейді Дағанов.

Пәкістанның Карачи қаласындағы азық-түлік базары

Оның пікірінше, кезінде түрлі себеппен атамекеннен жыраққа қоныс аударып, қазір дүниенің шартарабында жүрген қазақ ұлты өкілдерінің түп-тамырын, шыққан тегін ата-бабадан келе жатқан шежіресі арқылы тарқатуға болады.

– Мысалы, Ирандағы 5 мың қазақтың бәрі – Кіші жүздің өкілдері. Оның ішінде адай, адайдың ішіндегі қырықмылтығы бар, балиі бар, өңшең адай ол жақта. Яғни Маңғыстаудағы шежіремен айналысатын азаматтардың бір-екеуін алдырып, тексеретін болса, олардың 7 ата, 6 ата, 5 атадан байланысатын туыстары табылатынына шүбә жоқ. Өйткені Иранға, Ауғанстанға, тіпті ар жағындағы Түркіменстанға кеткен қазақтардың ата-бабасымен арада алты-жеті ұрпақ өтетіндей аса көп уақыт болған жоқ. Сондықтан олардың туыстығын өте дәл анықтай алатынымызға кәміл сенемін, – дейді Бурахан Дағанов.

Пәкістанның Карачи қаласынан көрініс (видеодан скриншот)

Қазақстан және ауған қазақтары

2021 жылы АҚШ пен халықаралық коалиция әскерлері Ауғанстаннан шыққанда Талибан қозғалысы Кабулды толық бақылауына алды. Сол кезде Қазақстан президенті Қасым-Жомар Тоқаев Ауғанстандағы қазақ диаспорасы өкілдерін елге қайтару мәселесі қаралып жатқанын айтқан еді.

– Ауғанстандағы шиеленіскен мәселелерді реттеу үшін Қазақстан шетелдік серіктестерімен тізе қосып жұмыс істеп келеді. Біз, ең алдымен, сол жердегі отандастарымызды ұйымдасқан түрде эвакуациялауды қамтамасыз еттік. Енді біз Ауғанстандағы қазақ диаспорасының мүшелерін, яғни қандастарымызды елге қайтару мәселесін қарастырып жатырмыз, – деген президент Тоқаев.

2021 жылы Ауғанстанда билікке "Талибан" қозғалысы оралғаннан кейін ұлты қазақ екенін айтып, Қазақстан үкіметінен жәрдем сұрағандар күрт көбейген. Күнкөріс қиындап, "жейтін нансыз қалдық" деген олар бірінен соң бірі видео үндеу жариялады. 2021 жылғы 9 қыркүйекте Ауғанстаннан Қазақстанға 41 адам жеткізілді.

Қазақстан әскери ұшағы ұлты қазақ 35 адамды Ауғанстаннан атамекенге жеткізді. Алматы әуежайы, 9 қыркүйек, 2021 жыл. Қазақстан СІМ таратқан сурет.

Сол кезде Қазақстанның сыртқы істер министрлігі таратқан ресми ақпаратта келгендердің арасында ұлты қазақ 35 адам бары айтылды. Бұлар – Ауғанстанда Талибан қайтадан билікті басып алғаннан кейін тарихи отанына оралған алғашқы қазақтар еді. Үкімет оларды Қазақстанның бес өңіріне – Ақмола, Павлодар, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарына қоныстандыратынын айтқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Әйелім мен қарындасым виза ала алмай, Кабулда қалды"

Ресми дерекке сүйенсек, биыл алғашқы алты айда Қазақстанға шетелден көшіп келген 4427 адам "қандас" мәртебесін алған. Оның басым бөлігі атамекенге Қытай мен Өзбекстаннан қоныс аударғандар. Қазақстан тәуелсіздігін жариялағалы бері елге сырт жақтан 1 млн 150 мың қазақ қоныс аударған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Орталық Азия оңтүстікке шығар жол іздеп, "Талибанмен" жақындасып жатыр. Бұдан Қытай ұта ма?"Бала-шағамызбен аш отырмыз". Атамекенге жетуді аңсаған Ауғанстан қазақтарының мұңы"Қиналып кеттік, елге жете алмай қалдық". Ауғанстандағы туыстарын әкетуге барған қазақтардың машақатыИраннан қазақ көші азайды ма? "Павлодарға бармасаң, депортация жасайды". Түркіменстаннан келген қандастар қандай күй кешіп жатыр?