Мәскеу мен Киев президенттерінің келіссөзі Швейцарияда өтсе, ресми Берн Ресей президенті Владимир Путинге Гаага сотының қудалауынан қорғайтын иммунитет беруге дайын. Бұл жөнінде Швейцария сыртқы істер министрі Иньяцио Кассис мәлімдеді.
Сейсенбі күнгі баспасөз мәслихаты кезінде министр былтыр енгізілген арнайы процедураның мәнісін ттүсіндірді. Оған сәйкес, егер айыпталушы елге жеке сапар емес, бейбіт келіссөзге келсе, онда үкіметтің халықаралық қылмыстық соттың ордерін орындамауға құқығы бар.
Осыған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей басшысы Владимир Путин мен Украина президенті Владимир Зеленский арасында келіссөз ұйымдастыруға тырысып жатқанын мәлімдеген. Sky News дерегінше, кездесу Еуропада өтуге тиіс. Франция президенті Эмманюэль Макрон саммит үшін Халықаралық қылмыстық сот (ХҚС) ордерін орындамауды ұсынды. Бұған дейін Reuters кездесу Будапеште өтуі мүмкін деген. Венгрия ХҚC-дан шығып, оның ордерін мойындамауды жөн көрген.
Халықаралық қылмыстық сот 2023 жылы наурызда Ресей президенті Владимир Путин мен Ресейдің бала құқығы жөніндегі уәкілі Мария Львова-Белованы тұтқындауға ордер берген. Халықаралық қылмыстық соттың прокуроры оларды украин балаларын Ресей аумағына күштеп депортациялады деп айыптаған. Мәскеу әскери қылмыс болғанын жоққа шығарып, соттың легитимділігін мойындамаған.