Ресей президенті Владимир Путин сейсенбіге қараған түні телефон әңгімеде Украина басшысы Владимир Зеленскиймен кездесуге келісті. Бұл жөнінде Fox News арнасына берген сұхбатында АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеді.
Трамптың айтуынша, әуелі Путин мен Зеленский бетпе-бет келіссөз жүргізеді, одан кейін өзімен кездеседі. "Десе де, олар жақсы дос болады деп айта алмаймын" деді АҚШ президенті Дональд Трамп.
"Путин өзін жақсы ұстайды деп үміттенемін. Әйтпесе қиын жағдайға қаламыз" деді Трамп.
Трамп пен Путиннің телефон әңгімесінен хабардар екі дереккөзге сүйенген France-Presse агенттігі ресейлік басшы Украина басшысымен Мәскеуде кездесуді ұсынған. Ал Зеленский оған келіспеген.
Fox News арнасына берген сұхбатында Трамп Украинаның НАТО-ға мүше бола алмайтынын және Украина Мәскеу аннексиялап алған Қырымды қайтара алмайтынын тағы қайталаған. Бірақ соған қарамастан Трамптың сөзінше, соғысты аяқтау келісімі аясында Киев "көп жерін" қайтармақ. Бірақ нақты қай аумақты айтып отырғаны белгісіз.
Reuters пен Financial Times бұған дейін Аляскадағы келіссөздер барысында Ресей, егер Киев Донбасс өңірінде Украина қарулы күштері бақылауда ұстап отырған жерден шегінетін болса, онда Мәскеу Запорожье мен Херсон облыстарында майдан шебін бір орнында қалдырып, Сумы мен Харьков облыстарындағы өзі басып алған аудандардан әскерін әкетуді ұсынған деп жазған.
Бұған дейін Украина Донбастан әскерін әкетпейтінін айтқан.
Украинаға қауіпсіздік беру аясында Франция, Германия, Ұлыбритания өз әскерін Украинада орналастырмақ.
Трамптың сөзінше, ол Мәскеуді бұған көндіре алуы мүмкін. Бұрын Кремль Украинаға шетел әскерін орналастыруға қарсы болған.